«Алматыкітап баспасы» ұжымының атынан алапат зілзала салдарынан жапа шеккен бауырлас түрік халқына қайғыра көңіл айтамыз. Жер сілкінісінің келтірген зардабы мен жапа шеккендер туралы суық хабарды естіп, қабырғамыз қайысты.
Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы – екі ел арасындағы қарым-қатынастарды «кеңейтілген стратегиялық серіктестік» деңгейіне көтеруге бел байлаған бауырлас мемлекеттер. Екі елді сан ғасырлық ортақ тарих байланыстырып жатыр, оған қоса, қазақ халқының басына қауіп төнген қиын-қыстау кезеңдерде мыңдаған отандасымыз Түркияға барып пана тапқанын да ешқашан естен шығармаймыз. Қазіргі таңда Түркия Республикасы – жастарымыз білім алып жатқан, сан мыңдаған отандасымыз әріптес тапқан, азаматтарымыз сол жақта жүріп, түрлі кәсібін дөңгелетіп жатқан бауырлас ел. «Алматыкітап баспасы» да заманауи технологияларымен, өнімінің жоғары сапасымен және мамандарының кәсіби біліктілігімен аты әлемге әйгілі түркиялық баспаханалармен жұмыс істейді. Түркиядағы полиграфия саласының хас шеберлері үлкен жауапкершілікпен басып шығарған кітаптарымыздың сапасы үшін әріптестерімізге алғыс айтудан жалықпаймыз.
Бекем болыңыздар! Табиғи апаттың кесірінен келген мұндай сынақтан тумысынан жауынгер, қайсар әрі ерекше еңбекқор түрік халқы сүрінбей өтеді деп сенеміз.
#geçmişolsuntürkiye